Қостанай облысы ауылдарының бірінде полиция қызметкері оқ жарақатын алды
АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Ұзынкөл ауданы ауылдарының бірінде учаскелік полиция қызметкерін атып кетті. Қостанай облысы бойынша ІІД-нің жетекшілері бұл оқиға жайында ресми мәлімдеме жасамай отыр.
Полиция қызметкері хабарлағандай, оны жергілікті 64 жастағы мас тұрғын атқан. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция қызметкерінің қаншалықты жарақаттанғаны, ұрыстың неден шыққаны жайлы әзірге мәлімет жоқ.
Төтенше жағдайдың ресми емес болжамы бойынша бұл оқиға дастархан басында орын алған. Үйдің қожайыны қонақтардың алдында жаңа қаруын көрсетіп, мақтанып тұрған кезде, мылтық абайсызда атылып кетіп, полиция қызметкерінің иығына тиген. Алайда мас болған сақшы жарақытты елемеген. Біршама уақыт өткеннен кейін ол тағы да ішімдік сатып алу үшін дүкенге бара жатқан жолда есінен танып, құлап қалған.