Қостанай облысы ірі аграрлы-өнеркәсіптік өңірге айналуы керек - Елбасы
«Қостанай облысы - еліміздің ең ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша ең үлкен аймақ. Биыл қиын жыл болғанның өзінде де мұнда 5 миллион тоннадан астам өнім жиналды. Біз бұл өңірді аграрлы-өнеркәсіптік аймаққа айналдыруды жалғастыра беретін боламыз. Сондықтан аймақтың өнеркәсібін көтеру бағытында жұмыс атқарамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы осыған байланысты Қостанай облысында автокөлік өндірісін дамыту жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бұл екі зауыт (Қостанай және Өскемендегі екі автокөлік зауыты - авт.) өте тиімді жұмыстар жасауда. Біз инвесторларды тартамыз. Қытай корпорациясының осында жұмысқа кіріскені (CNC компаниясының «Аллюр» акцияларын сатып алуы) - Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жасалған келісімдеріміздің жүзеге асырылуы болып табылады », - деп атап өтті Президент.
Осылайша, «Бір белдеу - бір жол» жобасы негізіндегі келісім аясында Қазақстанда құны 27 млрд АҚШ долларлық 52 кәсіпорын салынатын болады.
«Біз өз тарапымыздан осы бағдарламаға толығымен қосылдық. Қазақстан-Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі 1200 шақырымдық тікелей теміржолды 18 айды салып бітірдік. Түркіменстан арқылы жол салдық. Жақында ғана Қазақстан - Әзербайжан - Грузия және Еуропа бағытындағы теміржолдың құрылысы аяқталды», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Мемлекет басшысымен кездесу барысында аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтып берді. Автокөлік өнеркәсібіндегі қытай және өзбек серіктестерімен бірлескен жұмыс барысы турасында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Global Gas Group» ЖШС директоры Олег Гончаров хабардар етті.