Қостанай облысы меморгандардағы әйелдер саны бойынша көш бастап тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің жария етілген «Бес әлеуметтік бастамасы» әйелдер қоғамдастығы жұмысына зор серпін береді. Сонымен қатар Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсаттардың орындалуына барлық әйелдер ұйымдары жұмылуы қажет», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.
Атап айтқанда, отырыс барысында сайлау процесіндегі әйелдердің қатысуының гендерлік аспектілері туралы ақпарат тыңдалды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанның 1995 жылдан бастап, Бейжің декларациясына қосылған кезден гендерлік саясатты жүйелі түрде іске асыруға бағыт алғанын атап өтті. Тең құқықтылықтың заңнамалық негізін дамытуға мүмкіндік беретін 2006-2016 жылдарға арналған Гендердік теңдік стратегиясы табысты іске асырылды.
Дүниежүзілік экономикалық форумның гендердік индексіне сәйкес, 2017 жылдың қортындысы бойынша Қазақстан 144 мемлекеттің арасында 52-ші орынды иеленді. Оның ішінде «әйелдердің экономикалық қатысуы мен мүмкіндіктері» көрсеткішінде - 30-шы, «денсаулық индексінен» - 36-шы және «білім деңгейі» бойынша 48-ші орыннан көрінді.
Отырыс кезінде әйелдердің мемлекеттік қызметте және сайланбалы органдарда шешім қабылдау деңгейіндегі өкілдігі бойынша статистикалық мағлұматтар айтылды. Барлық мемлекеттік қызметкерлердің 55 %-ын әйелдер құрайды. Басшылық қызметтегі әйелдер үлесі - 39,5%, оның ішінде жоғары басшылық қызметте - 29%. Бұл өз кезегінде ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішіне сай келеді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, Қостанай облысы мәслихаттарда және басқа да мемлекеттік органдарда әйелдер саны бойынша көш бастап келеді. Мәслихаттардың барлық деңгейіндегі әйелдер депутаттық орындардың 31 пайызын, ал әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің 61 пайызын құрайды. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев баяндама жасады.
Бірлескен отырысқа ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев, Парламент депутаттары, халықаралық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері қатысты.