Қостанай облысы: Жылдың жеті жаңалығы
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2019 жыл Қостанай облысының экономикасы үшін табысты болды. Сыртқы сауда айналымы өсіп, өңір экономикасына 226,4 млрд теңге қаржы тартылды. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі астықты аймақтағы жылдың елеулі оқиғаларына тоқталады.
Президент қостанайлық жастармен кездесті
Қостанайға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының халықаралық форумына қатысты. Президент әуелі форум аясында ашылған жастардың инновациялық жобалары көрмесін тамашалаған болатын. Форум барысында бірқатар белсенді жас сөз алып, облыста жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасып, табыс табуына мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті. Президент еліміздің озық ойлы жастары ғылымда, ІТ-технологияда, мәдениет, бизнес және спортта – жалпы кез келген салада жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін атап өтті.
- Қазақстан жастары – білімді, жан-жақты дамыған әрі дарынды. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Сол себепті бұған қостанайлық жастар, мына сіздер үлес қосуларыңыз қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған биылғы Жастар жылы өскелең ұрпақтың бүгіні мен келешегіне тың серпін беріп, жастардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік туғызады. Мен президент ретінде еріктілер қозғалысын қолдаймын. 2020 жылды «Ерікті жастар жылы» деп атау туралы бастамаға да толық қолдау білдіремін, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол волонтерлік туралы заң қабылданып, еріктілер мәртебесі заңдастырылатынын мәлімдеді. Қ.Тоқаев сөз соңында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалып, бұл жастарды патриотизмге ынталандыратынын айтты.
Трактор зауыты ашылды
Қостанайдағы индустриалды аймақтың басты жаңалығы – трактор зауытының ашылуы. Салтанатты шараға Үкімет басшысы Асқар Мамин қатысқан болатын. Асқар Мамин «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры Сергей Серебряковпен кездесу өткізіп, ҚР мен РФ ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы бірлескен жобаларын талқылады.

Жаңа трактор зауыты жылына 500-ден 700-ге дейін алып трактор құрастыруға қауқарлы. Нәтижесінде елдегі ауыл шаруашылығы техникаларының өндірісі жаңа қарқын алады. Сонымен қатар облыста 500 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Қостанай қаласына 140 жыл
Биыл Қостанай қаласының құрылғанына 140 жыл толды. Бұл атаулы дата облыс орталығында сән-салтанатымен атап өтілді. Мерейтой өңір тұрғындарына рухани демалыс сыйлаған мәдени шараларға толы болды. Айталық, көрермендерге арналып Абай атындағы опера және балет театры өнерпаздарының «Шәмші әлемі» атты концерті, «Жаңа номад» этно-фестивалі, «Ұлы дала өркениеті» көрмесі, «Алтын аймақ – Қостанайым» мерейтойлық байқаулар

Жаңа нысан – Жастар сарайы
Биыл облыс орталығында Жастар сарайы ашылды. Ұлттық-мәдени орталықтың құрылысына 2 млрд теңге жұмсалды. Сыйымдылығы кең мұндай нысан Қостанайда бұрын-соңды болмаған. Жаңа орталықтағы концерт залы бір уақытта 1000 адамды қонақ ете алады. Бұл сарай ашылғалы бері халықаралық, республикалық, облыстың маңыздағы түрлі саяси, мәдени, рухани шаралар өтіп келеді.

Аудан атауы өзгерді
Осы уақытқа дейін Лаврентий Таранның есімімен аталып келген ауданға әйгілі жазушы Бейімбет Майлиннің есімі берілді. Бұл туралы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қаулысы жария етілді.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: Қостанай облысының Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталсын. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінді жарлықта.

Бұл 26 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның тарихындағы ең елеулі оқиға болды. Мұнымен қоса, Аудан орталығының атауы Әйет болып өзгертілді.
Айта кетейік, бұл аудан – облыстың солтүстік-батысында орналасқан әкімшілік аумақтық бөлік. 1936 жылы құрылған. Аудандағы 52 елді мекен бір кент, 15 ауыл округіне біріктірілген.
Мектеп саны көбейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз бастауыш мектебіндегі күрделі жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірген-ді. Кейін бұл мәселе шешіліп, облыс орталығында қазақ тілінде білім беретін №28 мектеп-гимназиясы ашылды. Бұл нысан осыған дейін кәсіптік-техникалық колледж болған-ды, орта білім ошағына лайықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, облыс орталығының 140 жылдығына орай 900 орындық үш қабатты нысан қараша айында пайдалануға берілді. Жөндеу жұмыстарына 250 млн теңге жұмсалды. Оның 95 миллионы – демеушілер қаржысы. 160 орындық асхана, музыка, хореграфия, спорт, акт залдары, дәліздер әдемі кейіпке енген. Бұл – Қостанай қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін 7-ші мектеп.

Ет комбинаты іске қосылды
Қостанай облысының Қарабалық ауданында ет өнімдерін шығаратын комбинат пайдалануға берілді. Комбинат отандық өнімдердің нарыққа шығуын қамтамасыз етсе, екіншіден, аудан тұрғындарын жаңа жұмыс орындарына орналастыруға оң жағдай туғызды. Бүгінге дейін бұл комбинаттың жұмысы 15 жыл бойы тұралап қалған болатын. Нысанды қалпына келтіру жұмыстарына 11 млн теңге жеке қаражат жұмсалды. Қазіргі таңда мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.Бүгінде мұнда 50 адам еңбек еткенімен, комбинат барлығы 120 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Нысан келер жылдың мамыр айында толық қуатына көшіп, ауданның тағы 70 тұрғыны комбинат қызметкері атанады.

Бұдан өзге облыста тұңғыш рет «қызғалдақтар фестивалі» өтті. Қызғалдақтар фестивалінің басты жаңалығы - ауданда тұңғыш рет 500 домбырашының қатысуымен күй ойналды.
Сонымен қатар, жылайрықтағы бір елеулі оқиға – Рудный қаласының Қашар кентінде 20 млн жыл бұрын тіршілік еткен балық сүйегінің табылуы. Ежелгі заманда тіршілік еткен балықты «Капитал Авто» компаниясының қызметкерлері экскаватормен қазып жатқанда байқап қалған. Балықтың палеоген кезеңінде, шамамен 20 млн жыл бұрын тіршілік еткені анықталды.