Қостанай облысын газдандырудың арнайы бағдарламасы әзірленді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының елді мекендерін газдандыру бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысқан жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халық қалаулылары Ирина Аронова, Айгүл Нұркина мен Жәмилә Нұрманбетова Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Қостанай ауданында болды. Олар әуелі аудандағы Озерное елді мекенінің активімен кездесті. Оның барысында елдегі әлеуметтік бастамалардың мән-маңызын, негізгі тетіктерін түсіндірді. Сондай-ақ «Карл Маркс» атындағы шаруа қожалығы басшылығымен және жұмысшыларымен жүздесіп, қазіргі таңдағы ауыл шаруашылығына қатысты тың жаңалықтарымен бөлісті. Озерное ауылының тұрғындары газдандыру бойынша сауалдарын жолдады. Бұл мәселе бұрыннан бері шешілмей келе жатқандығын айтады. Дегенмен, депутаттар тұрғындарды жақсы жаңалықпен қуантты.
«Аймақтарды газдандыру шаралары бойынша Қостанай облысы бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Бұған шамамен 4 млрд теңге қаражат бөлінді. Ал Озерное ауылына газ құбырын өткізу үшін 600 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдан басталады», - деді депутаты Ирина Аронова.
Тобыл өңіріне келген мәжілісмендер Озерное орта мектебіне барып, мұндағы білім беру жүйесімен танысты. Шағын мектептегі педагогтардың жетіспеушілігі де сөз болды. Яғни, бір мұғалім бірнеше профильді емес пәндерден сабақ беруге мәжбүр.
«Бұл сұрақ депутаттық сағаттарда бірнеше рет көтерілді. Мәселе қаралу үстінде. Жақын арада шағын қамтылған мектептерде педагогтарды дайындауға арналған арнайы орталықтар ашылатын болады»,- деп түсіндірді Жәмилә Нұрманбетова.
Кездесуде ауылдың қордаланған проблемалары талқыға түсті. Мәселен, Московский мен Озерное елді мекенін жалғайтын жол жоқ. Бұған ауыл әкімі биыл екі ауылда жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ал Александровское ауылы жоспарға кірмейді, аталмыш бағыттағы жолды 2020 жылы жөндеу көзделуде.
Депутаттардың өңірге жұмыс сапары жалғасуда.