Қостанай облысына бес өңірден 10 мың отбасы көшіп барады
2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік өңірлерден солтүстікке отбасыларды көшіруге 710 млн теңге қарастырылған. Бағдарламаның мақсаты - халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен солтүстік аймаққа көш басын бұру. Бұл жұмыссыздық пен кадр тапшылығы мәселесін қатар шешуге мүмкіндік береді.
«Жоғарыда аталған қаржыға материалдық көмек ретінде олардың көшуіне субсидия беріледі. Ол 35 айлық есептік көрсеткіш немесе 79 415 теңге. Бұл қаржы әр отбасы мүшесіне есептеледі. Екінші көмек, олардың сол жердегі үйді жалға алуға берілетін субсидия. Ол 12 ай ішінде беріледі. Қаржы көлемі әр отбасы үшін 34 мыңнан 68 мың теңге аралығында болады. Ақша тұрып жатқан елді мекеніне: қала немесе ауылға әрі отбасы мүшелерінің санына байланысты төленеді», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Бақыт Әбілқайырқызы.
Қоныс аударушыларды жұмыспен, баспанамен қамтуды жұмыс беруші тарап өз мойнына алады. Жыл аяғына дейін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен біздің облысқа 30 отбасы қоныс аударады деп жоспарланған. Олар Қостанай облысының он бір елді мекеніне тұрақтайды. Жалпы алдағы бес жыл ішінде астықты өлкеге 10 мың отбасы көшіп келеді.