Қостанай облысына қоныс аударғандар жұмыспен қамтамасыз етілді - әкім
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қоныс аударған адамдарға көшуге және баспананы жалға алуға 250 теңге сомасында материалдық көмек төленді. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Республиканың жұмыс күші артық өңірлерінен азаматтар мен қандастарды облысқа тарту іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Биыл өңірлік квота 960 адамға бекітілді, оның ішінде 280 қандас және 680 қоныс аударушы бар. Қазіргі кезде квота 89 пайызға орындалды. Облысқа 856 адам көшіп келді, соның арасында 263-і - қандас», - деді Қ. Ақсақалов.
Оның айтуынша, қоныс аударған адамдарға көшуге және баспана жалңа алуға 250 теңге сомасында материалдық көмек төленді.
«Биылдан экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріле бастады. Бұл өз кезегінде 115 отбасыға тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік берді. Барлық еңбекке қабілетті қоныс аударған адамдар жұмыспен қамтамасыз етілді. Биыл 362 адам жұмысқа тұрды, 10 адам кәсіпкерлік саласына барды», - деді әкім.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл соңына дейін солтүстік өңірлерге тағы 4 512 адамды (қоныс аударушылар мен қандастар) қоныстандыру жоспарланған.