Қостанай облысына күзгі орақ науқанын жүргізуге 27 мың тонна дизель жеткізіледі
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Күзгі орақ науқанына байланысты осы айдың ішінде Қостанай облысына 27 мың тонна дизель отыны жеткізіледі. Бұл туралы өңір әкімдігінің жанынан құрылған Ақпараттық штабтан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын қыркүйектен қазан айының ортасына дейін күзгі егін жинау жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Бүгінгі таңда респбулика бойынша болып жатқан жанар-жағармай тапшылығын ескере отырып, қыркүйек айында облысқа 27 мың тонна дизель отыны әкелінеді. Дизельді 14 тасымалдаушы-оператор жеткізетін болады», - делінген штаб таратқан хабарламада.
Еске салайық, кеше ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге 423 мың тоннадан астам дизель берілетінін мәлімдеген еді.
Ашық көздерден алынған фото