Қостанай облысына вакцинаның 1200 данасы жеткізілді

None
None
​ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау бойынша дайындық жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмек саясаты бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанованың айтуынша, бүгін аймаққа вакцинаның 1200 дозасы әкелінді. Вакцина жүргізуге барлығы 31 медициналық мекеме жұмылдырылады. Оның ішінде 26 мемлекеттік, 5 жекеменшік емхана бар.

«Вакцина температуралық режимді сақтай отырып жеткізілді. Енді вакцинаның облыстың барлық емханалары алады. Вакцинация тегін және ерікті түрде өтеді. Егер бұл науқанға қатысқыңыз келмесе, жазбаша түрде бас тартасыз. 18 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан адамдар егілмейді. Наурыз айында егу процесінен мұғалімдер өтеді», - дейді Г.Оспанова.

Бүгін дәрігерлер мен санэпидбақылау департаментінің қызметкерлері вакцина қабылдамақ.

Қостанай қаласынан шалғай ауылдарға вакцина тасымалдайтын авторефрижератор және суық сақтағыш қабілеті бар 100 термоконтейнер сатып алынды.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.

31 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакциналарының алғашқы партиясын жеткізді. Ақпан айында Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын , наурызда – 150 мың доза , сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозадан жеткізетін болады .


Соңғы жаңалықтар