Қостанай облысынан табылған мамонттың азу тісі музейге тапсырылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жангелдин ауданы аумағынан табылған ежелгі заманда тіршілік еткен зілдің азу тісі облыстық музейге тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Қостанай облысынан табылған мамонттың азу тісі музейге тапсырылды

Жергілікті шаруа Мұрат Салмұратов бұл жәдігерді ауыл іргесіндегі жардан тауып алған .  Ол тапқан олжасын жақында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкеліп тапсырды. 

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, палеонтолог Андрей Андрющенко зілдің (мамонт) 6 тісі болатынын айтты.

«Оның екеуі сыртқа шығып тұратын азу тісі болса, қалған төртеуі жақ сүйектеріне екеуден орналасқан, онымен азығын шайнап жеген. Аудан тұрғынының тапқаны сол тамақ шайнайтын азу тісінің бірі», - дейді ол.

Маманның сөзінше, мамонттың тісі өзеннің жағасынан табылғанына қарағанда, оны су шайып шығарып тастаған.

«Көктемде өзен арнасынан тасығанда тереңде жатқан ежелгі заман жануарларының сүйектері топырақтың сыртына шығып қалады. Зілдің тісі табылған маңайда басқа да сүйектер болуы мүмкін. Торғай аумағында өткен ғасырдың 70-жылдары ежелгі заман жануарларының сүйегі өте көп кездесіпті», - деді Андрей Андрющенко.

Жалпы, облыстық музейде ежелгі жануардың он шақты азу тісі, қабырғалары, жіліктері, омыртқалары бар.