Қостанай облысында 1,7 мың «қызыл» және 904 «сары» мәртебесі бар адам анықталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында Ashyq жобасымен 5 131 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, олардың 5 105-і қатысушы болса, 26-сы тест режимде қызмет етуде. Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте мониторинг топтары да көмектеседі. Жұмыс басталғаннан бері шектеу шарасын сақтау бойынша 2 808 нысан қамтылып, 14 320 рейд жүргізілген.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамент «қызыл» мәртебесі бар үй карантинін бұзатындар саны артып келе жатқанын айтады.
«Ashyq жобасы Қостанай облысында оқшаулау режимін бұзған 1 723 «қызыл» КВИ және 904 «сары» мәртебесі бар адамды анықтаған. Тек соңғы аптада 27 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Негізінен бұл Рудный қаласының тұрғындары», делінген хабарламада.
Сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін Ashyq қосымшасы арқылы жұмыс істейтін нысандарда «қызыл» мәртебесі бар 163 үй карантинін бұзушы анықталды.
Барлық тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.