Қостанай облысында 17 жастағы жасөспірім топыраққа көміліп қалды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай ауданының Алтын Дала ауылында 2003 жылы туған жасөспірім шұңқырға түсіп мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында 17 жастағы жасөспірім топыраққа көміліп қалды

Қайғылы жағдай туралы журналист Дәуренбек Әбдібек әлеуметтік желіде жазды.

Оның айтуынша, 17 жасар бозбала құбыр өткізу үшін қазылған шұңқырға құлап қаза тапқан. Куәгерлер марқұмды сол жерде жұмыс істеп жатқан экскаватор қағып, құлатқан болуы мүмкін екенін айтады.

Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарьдың айтуынша, 2020 жылдың 30 қыркүйегінде сағат 18-36-да Алтын-Дала ауылында су құбырларын төсеу жұмыстарын жүргізу кезінде жер опырылып қалған.

«Хабар Қостанай ауданының полиция бөліміне түсті. Нәтижесінде жұмысшы ретінде жүрген 2003 жылы туған жасөспірім топырақ астында қалды. Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізімінде Қылмыстық кодекстің 156 бабы 3 бөлімі «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша тіркелді. Тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - дейді И.Беженарь.