11:56, 25 Мамыр 2020 | GMT +5
Қостанай облысында 23 вагон рельстен шығып кетті
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында Қазанбасы-Апановка бағытында жүк пойызы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға кеше сағат 14:40-та Құсмұрын-Тобыл учаскесінің Қазанбасы-Апановка бағытында болған.
«Машинист локомотив манометрінің мәліметіне сәйкес вагондар арасындағы ауа қысымының төмендеуіне байланысты шұғыл тежеуді қолданды. 23 вагонның рельстен шығып кеткені, рельстің түйіспе желісі, теміржол тірегінің зақымданғаны анықталды», - делінген ведомствоның ақпаратында.
Белгілі болғандай, вагондар бос болған. Локомотив сағатына 68-70 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқан. Учаскедегі белгіленген жылдамдық – сағатына 70 шақырым. Қазіргі уақытта осы факті бойынша комиссия құрылды.