Қостанай облысында 38 кенші асқазаны қабынып, ауруханаға түсті
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Медицина мекемелеріне 39 адам улану белгілерімен шағымданған. 38 адам ауруханаға жатқызылды. 24 жұмысшы Лисаковск ауруханасына, ал 14 науқас Қостанай облыстық ауруханасына жайғастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облысының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Юрий Севостьяновқа сілтеме жасап.
«24-25 шілде күндері Красногор ауылындағы Лисаковск қалалық ауруханасы мен «Қазақстан Алюминийі» АҚ денсаулық сақтау пунктіне 39 адам келген. Науқастардың бастары ауырып, жүректері айнып, құсқанымен қоймай, 5-10 мәрте қайталап іштері өткен. Салдарынан 24 адам Лисаковск қаласының ауруханасына жатқызылды, ал 14 адам қалалық ауруханаға түсті. Барлығының жағдайы орташа, аса ауыр жағдайдағы науқастар жоқ. Қазіргі уақытта уланудың себептері анықталып жатыр», - деді Ю. Севостьянов.
Уланудың пайда болу себептерін анықтау үшін Денсаулық сақтау басқармасы мен департаменті арнайы штаб құрды. Олар оқиға болған орынға барып, дәл сол күні жергілікті асханада тағам дайындаған адамдарды анықтады.
Денсаулық сақтау департаментінің Жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлім Досымованың айтуынша, 38 адамның ішіндегі 15 адамды ауруханаға жатқызу қажет емес-ті. Алайда, науқастардың барлығы дәрігерлердің толық бақылауына алынды.
«Әзірге науқастардың барлығына өткір түрдегі асқазан мен ішек қабынуы диагнозы қойылып отыр. Бұл жұқпалы ауру. Ондаған диагноздардан тұрады. Олар сальмонеллез, өткір дизентерия, ауыз вирусы инфекциясы да болуы мүмкін. Науқастар талдау тапсырды. Арнайы зертханалық зерттеу жүргізіліп жатыр», - деді Г. Досымова.
Департаментте мәлім еткендей, зертханалық талдау нәтижесі екі күннің ішінде белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін «Лисаковскіде орналасқан «Қазақстан Аллюминийі» АҚ филиалының Краснооктябрь боксит кен басқармасында 37 адамның уланғаны туралы хабарлаған едік.