Қостанай облысында 45 ауыл дербес бюджетке көшті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 45 ауылдық округ дербес бюджетке көшті. Бұл туралы әкімдікте өткен кеңейтілген жиында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында 45 ауыл дербес бюджетке көшті

Жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы - ел экономикасының одан әрі дамуындағы басым бағыттардың бірі. Бүгін осы мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов айтқандай, қазіргі уақытта ауылдық округтер мен аудандар арасында қызмет ауқымын ажырату, бюджетті және коммуналдық меншікті қалыптастыру туралы мәселелер пысықталды.

«Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2 мыңнан асатын 45 әкімшілік-аумақтық бірлік дербес бюджетке көшірілді. Аталған ауылдық округтердің өз қаржысының болуы осы саладағы жұмыстарымыздың бірінші сатысы ғана екенін ескерткен жөн. 2020 жылдан бастап, облыстың тағы 200 елді мекені жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа кезеңіне көшетін болады», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, жеке бюджетке ауыстырылған 45 ауылда 368 мемлекеттік қызметші бар. Сонымен қатар осы ауылдарда 9 бос орын толтырылмаған. Атап айтқанда, Қостанай ауданының Озерное ауылы әкімсіз отыр. Сондай-ақ, Ұзынкөл ауылында есепші жетіспесе, Федоров ауданының Пешков ауылдық округінде заңгер жоқ. Ерлан Спанов жергілікті өзін-өзі басқаруға көшу бойынша бастапқы кезеңнің аяқталуына қарамастан, бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті.

«Дербес бюджеттерді кедергісіз енгізуге ықпал ететін шаралар әлі де жалғасады. Бірінші кезекте, ауылдық округ аппараттарының кадрлық қамтамасыз етілуі, қызметкерлерді оқыту және қайта даярлау мәселелері күн тәртібіне қойылды. Мұнымен қоса ауылдық округтердің әкімдерін мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін жұмыстарды басты назарға алуға шақырамын. Бүгінгі дейін құны 98,3 млн теңге болатын 15 сатып алу конкурсы өткізілген жоқ. Мәселен, Арқалық қаласындағы Родина, Сарыкөл ауданындағы Сарыкөл, Қарасу ауданындағы Октябрь, Жанкелдин ауданындағы Торғай ауылдары әлі бірде-бір конкурс жарияламады», - деді Е.Спанов өз баяндамасында.

Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне дербес бюджетке көшкен ауылдардағы қаржы жүйелеріне және коммуналдық меншікті басқару жұмыстарына қолдау көрсетілуі керектігін айтты.

Фото: kostanaytany.kz