Қостанай облысында 54 жастағы ер адам газдан уланып көз жұмды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Тобыл қаласында 54 жастағы ер адам газдан уланып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 21 желтоқсанда Тобыл қаласының «Мелиоратор» саяжайында болған. ТЖ бөлімі табиғи газдан улану дерегін тіркеді.
«Тұрғын жай ішінде 1966 жылы туған ер адам көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, үйден табиғи газдың иісі білінген. Белгілі болғандай ер адам үйде газ баллонын қолданған.
Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті кезекті рет азаматтарды газ баллондарын күнделікті өмірде пайдаланудың қарапайым ережелерін сақтауға шақырады. Тұрмыста пайдаланылатын қауіпті метан (қалалық магистральдық газ) және сұйытылған газдарды (баллондарда) қолданғанда сақ болу қажет», делінген ведомство хабарламасында.
Қостанай облысы ТЖ Департаменті газ қауіпсіздігінің негізгі ережелерін туралы хабарламаны ресми сайтында жариялады.