Қостанай облысында 6 шетелдікті заңсыз жұмысқа салған тұрғын жазаланды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында Өзбекстанның алты азаматы шаруашылықтардың бірінде заңсыз жұмыс істеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұзынкөл ауданы полицейлері Варваровка ауылындағы рейд барысында Өзбекстан тұрғындарын анықтады.
Белгілі болғандай, жұмысшылар ауданға бірнеше күн бұрын Түркістан облысынан келіп, нысанда құрылыспен айналысқан.
Олардың еңбек етуге рұқсат беретін құжаты болмаған.
Жұмыскерлер құжатты тексергеннен кейін тәртіп сақшыларынан жасырынуға тырысқан.
Көші-қон қызметкері Дмитрий Сечный мен учаскелік инспектор Арман Давлетов оларды ұстады.
Өзбекстан азаматтары аудандық соттың шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша 2 тәулікке қамалды.
Полиция хабарлағандай, шетел азаматтарының елде жүріп-тұру мерзімі қысқарды және олар 10 тәулік ішінде елден кетуге міндетті.
Сонымен қатар, ҚР заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін пайдаланғаны үшін жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері Ұзынкөл ауданында 17 шетелдік көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 4-і сот арқылы елден шығарылды.