Қостанай облысында 60 адам «Елбасы медалімен» марапатталады

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Республикалық комиссияның шешімімен «Елбасы медалі» бағдарламасының Қостанай облысындағы жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында 60 адам «Елбасы медалімен» марапатталады

2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «El Úmiti» жалпыұлттық бастамасын ұсынған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастыратын жобалардың бірі – «Елбасы медалі» бағдарламасы. 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған жоба 2020 жылдың шілдесінде басталды. Ол 7 бағыт бойынша даму бағдарламасын көздейді: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтер, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы.

Қостанай облысында «Елбасы медалі» бағдарламасына 503 адам қатысты. Солардың бірі –Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы София Синицина. София облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетовтің қолынан өз марапатын алып отыр.

София Синицина 6 жасынан бастап облыстық шахмат турнирлеріне қатысып келеді. Әдебиет пен өнерге деген қызығушылығы жоғары.

«Ұлы Абайдың мерейтойына арналған республикалық мәнерлеп оқу конкурсында бас жүлдені иелендім. Сонымен қатар «Алтын медаль-2018» халықаралық конкурсында 1 орынға ие болдым. Бірнеше рет математика және орыс тілі пәнінен қалалық олимпиадаларда жеңіске жеттім, зияткерлік жарыстарға қатысқанды ұнатамын. Жас суретшілерге арналған конкурстарда да марапаттарым бар. Осы жетістіктеріме «Елбасы медалі» қосылды. Бұл мен үшін шексіз бақыт. Елбасының өзі жастардың әмбебап болуы керектігін айтқан еді. Өйткені елдің болашағы сапалы білім алған жас ұрпаққа байланысты», - дейді «Елбасы медалінің» иегері.

Жалпы Қостанай облысында 60 қатысушы «Елбасы медалі» жобасының жеңімпазы атанды.