Қостанай облысында 8 санитарлық бекет қойылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының 6 ауданында санитарлық бекет жұмыс істей бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Құрмет Мәжікенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында 8 санитарлық бекет қойылды

Бұған дейін Қостанай облысында 12 санитарлық бекет орнатылғанын хабарлаған едік.

Қазір оның саны 20-ға дейін көбейіп отыр.

«Бүгін сағат 00.00 - ден бастап облыста қосымша 8 бекет қойылды. Олардың 5-еуі Арқалық қаласын және Қарасу, Сарыкөл, Қамысты және Ұзынкөл аудандарында болса, 3-еуі –Рудный қаласында. Бекеттердегі жұмысты қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған полицейлер мен медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бекеттегі қызметті тәулігіне 12 сағаттан ауысыммен атқарады. Бекеттерді қоюдағы негізгі міндет – коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін халықпен алдын-алу жұмыстарын жүргізу. Медицина қызметкерлері дене температурасын өлшей отырып, жүргізушілер мен жолаушыларды визуалды профилактикалық тексеруден өткізеді», - дейді Құрмет Мәжікенов.

Полиция қызметкерлері санитарлық бекет арқылы өтетін көлікті тексеріп, есепке алады, сондай-ақ облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген шектеу шараларының сақталуын қадағалайды.