Қостанай облысында алимент бойынша борышкерлерден 13 млн-ға жуық теңге өндіріп алынды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының жеке сот орындаушылары (ЖСО) бір ай ішінде 13 млн теңгеге жуық қаражат өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы ЖСО өңірлік палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы алимент қарыздарын өндіріп алу бойынша бір айдың қорытындысын шығарды.
Биылғы сәуір айында Қостанай облысының сот орындаушылары борышкерлерден 12 849 126 теңге, ал бірінші тоқсанда 43 млн теңге өндіріп алды.
«Бүгінгі таңда атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (АІЖО ААЖ) деректеріне сәйкес, жыл басында өңірдің сот орындаушыларының орындауында алимент өндіру туралы 16 мыңға жуық атқарушылық іс жүргізу болған. Олардың ішінде берешегі өте көп проблемалық мәселелер де баршылық. Біз бұл бағытта жұмысты белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Өйткені біздің аймақ «анти-рейтингте» тұр. Біз жұмысқа орналастыруға, борышкерлерді іздестіруге, оларды күштеп әкелуге, іздеу жарияланған көлік құралдарын ұстауға, мүлікті, жасырын кірістерді анықтауға, сондай-ақ жалақысы заңнамада белгіленген мөлшерден төмен кәсіпорындарға қатысты шаралар қабылдау бойынша жұмысты бастадық. Ең бастысы – борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту», - деді Қостанай облысы ЖСО өңірлік палатасының басшысы Несібелі Бәсенова.