Қостанай облысында анықталған екі адам коронавирусты қалай жұқтырған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Жітіқара қаласында коронавирустық инфекцияның 2 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жедел штабына сілтеме жасап.

Қостанай облысында анықталған екі адам коронавирусты қалай жұқтырған

«14.04.2020 жылы пневмониямен ауыратын адамдардың зертханалық тексеру нәтижелері бойынша екі пациентте COVID-19 оң нәтиже берді.

Жітіқара қаласының ауруханасына дене қызуы жоғары, әлсіздігі, ентігуі бар 74 және 65 жастағы қарт адамдар жеткізілді. ПТР диагностикалық зерттеуінің нәтижелері бойынша олардан COVID-19 диагнозы расталды», - делінген штабтың ақпаратында.

Қазір дәрігерлер бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емдеу шараларын жүргізеді. Науқастармен байланыста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.

Жалпы Қостанай облысында COVID-19 инфекциямен барлығы 5 адам тіркелді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда.