Қостанай облысында астық жинау науқаны аяқталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы астық жинау науқанының қорытындысы бойынша биыл астық шығымдылығы жоғары болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда дәнді дақылдар толығымен жиналды – 3 млн 985 мың гектар. 5 миллион 21 мың тоннадан астам бидай бастырылды. Биыл әр гектардан 12,6 центнерден өнім алынды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,5 болды. 1,7 есеге жуық жоғары», - деді Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықов.
531 мың гектар алқаптан майлы дақылдар жиналып, 300 мың 800 тонна өнім жиналды. Өнімділік гектарына 5,7 центнерді құрап отыр. Майлы дақылдар алқабының 71 пайызы жиналды. Жинау жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ ведомство күзгі дала жұмыстарына 77 мың дизель отыны бөлінгенін, қазірдің өзінде облысқа 75 мың тоннаның жөнелтілгенін хабарлады.
«318 кептіру қондырғысы дайындалды. Астық қабылдау пункттеріне 1 млн 545 мың тонна астық түсті, оның ішінде бидай – 1 млн 180 мың тонна, оның 95 пайызы 3-сұрыпты бидай», – деп қосты Қ.Жұмандықов.