Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 4,8 млрд теңге бөлінді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 4,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар іс-шара қабылданды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу тетігін іске асыруға 4 млрд 803 млн теңге бөлінді. Оның ішінде тұрақтандыру қорының қызметіне – 2 млрд 819 млн теңге, «айналым схемасына« – 1 млрд 984 млн теңге. Бұл 2020 жылғы деңгейден 10 есе көп», - делінген ведомство ақпаратында.
Министрлік мәліметінше, өңірдің Тұрақтандыру қорында 8,1 мың тонна көлемінде 13 атау бойынша қор қалыптастырылған.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеудің тиімді құралдарының бірі сауда нысандарына «айналым схемасы» арқылы жеңілдікпен кредит беру, яғни әкімдіктердің сауда жүйесіне қатысушылар үшін жеңілдікті пайызбен қарыз қаражатын бөлуі болып саналады.
Бұл сауда желілеріне жергілікті өндірушілерден сатып алынатын өнім көлемін, оның ішінде форвардтық келісімшарттар жасасу арқылы кеңейтуге, ал өндірушілерге өз тауарларына босату бағасын белгілеуге мүмкіндік береді. Жеңілдікті қарыздар ала отырып, сауда желілері өнімнің жекелеген түрлерінің белгілі бір көлеміне бағаны ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелерді өзіне алады. Нәтижесінде бұл тауарлар нарық бағасынан орташа 15-20 пайызға төмен бағамен сатылады.