22:34, 14 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Қостанай облысында бірнеше мәрте көлік ұрлаған жігіт ұсталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудный полициясы Федоров АІІБ жедел қызметкерлерімен ынтымақтастықта бірнеше автомашинаны ұрлаған 21 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
![None None](/static/img/plug.webp)
«Ол 30 тамыз күні түнде Рудный қаласының Горняков көшесінде «Ваз-2106» автомашинасын ұрлап кеткен. Келесі факті «50 лет Октября» көшесінде 3 қыркүйекте тіркелген. Күдікті бұл жолы аулада тұрған «Ваз-2107» машинасын қолды еткен. Сондай-ақ ол 5 қыркүйекте Корчагин көшесінде тағы бір «Ваз-2106» көлігін ұрлаған. Тергеу жұмыстары барысында полиция қызметкерлері нөмірсіз үш көлікті де Федоровка ауылынан тапты», - дейді облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері.
Жәбірленушілерге жеткізілген зиянның жалпы сомасы миллион теңгеден асады, ал күдікті ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.