Қостанай облысында бөлім басшысы мен есепші мектептердің ақшасын жымқырған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Алтынсарин ауданы әкімдігінің білім бөлімінің есепшісі мен бөлім басшысы сеніп тапсырылған мемлекеттік қаражатты жымқырғаны үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында бөлім басшысы мен есепші мектептердің ақшасын жымқырған

Іс деректеріне сүйенсек, бөлім басшысы мен есепші өздеріне тапсырылған мемлекет мүлкін ұрлауға қатысқан.

«Бөлім басшысы мемлекеттік сатып алу жүргізуге жауапты есепшімен сөз байласу арқылы мердігерлердің мектептерді жөндеу туралы шарттарын қолдан жасаған. Іс жүзінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мердігерлерге жөндеу жұмыстарын ресми түрде қызметі жоқ басқа адамдардың жасағанын жеткізген. Осылайша олар мемлекетке 11,5 миллион теңгеге жуық шығын келтірді», - делінген облыстық соттың хабарламасында.

Сот үкімімен білім бөлімінің басшысы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мемлекетке келтірілген залал өндіріп алынды. Басшымен бірге жымысқы әркекетке барған бухгалтер 4,5 жылға түрмеге жабылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.