02:50, 02 Қараша 2017 | GMT +5
Қостанай облысында бұзылған үйден әйелдің мәйіті табылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Осыдан он күн бұрын Қамысты ауданында әйел адамның мәйіті табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Алау» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 22 қазанда Қамысты ауданының Арқа ауылында болған. Бұл ақпаратты Қостанай облыстық прокуратура растап отыр.
22 қазан күні сағат 12:00-де аудандық ішкі істер бөліміне бұзылған үйде әйелдің денесінің жатқаны туралы хабар жеткен.
«Әйел механикалық асфиксияға ұшыраған, бас миы және өкпесіне зақым келген. Оның тұншықтырылғаны анықталды. 23 қазанда осы іске байланысты басты күдікті 33 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды», - деді Қостанай облыстық прокуратура басқармасының бастығы Қайрат Жүсіпов.
Қазір сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.