Қостанай облысында электр энергиясының бағасы 8% өседі
«ҚостанайЭнергоОрталық» ЖШС ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Қостанай облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментіне электр энергиясының шекті бағасын алдағы уақытта 2,08 теңге/кВтсағ-қа немесе 7,85%-ға арттыру туралы ақпарат берді. Яғни, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚҚС есебімен 26,62 теңгеден 28,71 теңгеге дейін қымбаттайды.
Кәсіпорындағы шекті бағаның өсуінің негізгі себептері ҚР Энергетика министрінің 2021 жылғы 24 маусымдағы бұйрығына сәйкес 2021 жылғы 1 шілдеден бастап станциядан электр энергиясын сатып алу құнының 9,2%-ға өсуі болып отыр.
Сонымен қатар, 2021 жылдың қазан айынан бастап «KEGOC» АҚ қызметтеріне тарифтер 14%-ға, «ҚТЖ» ҰК» АҚ желілері бойынша электр энергиясын тасымалдауға – 4%-ға көтерілді. 2022 жылғы қаңтардан бастап «ЭПК-forfait» ЖШС, «МРЭТ» ЖШС, «ҚТЖ «ҰК» АҚ, «ССГПО» АҚ, «KEGOC» АҚ тасымалдаушы компанияларының тарифі 4%-дан 13%-ға дейін өсті. «РФЦ» ЖШС-ның электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету бойынша қызметтер тарифі 2,8%-ға артты. 2022 жылдың 14 сәуірінен бастап «ЭПК-forfait» ЖШС тарифі 4,2%-ға өсті.