Қостанай облысында «Электронды малшы» жобасы енгізілді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Науырзым ауданында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде егістік алқаптарының электронды карталары жасалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Талғат Кәрбозов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында «Электронды малшы» жобасы енгізілді

Негізінен, Науырзым ауданының агроөнеркәсіптік кешенін цифрландырудың негізгі екпіні нақты егіншілік элементтерін енгізуге және мал шаруашылығын цифрландыруға бағытталған. Бірінші кезең геопозициялық, вегетациялық, агрохимиялық, гидрогеологомелиоративтік және метеорологиялық қабаттары бар өрістердің электрондық карталарын жасауды көздейді.

«Қазірде ауданда 1024 егіс алқабы цифрландырылды. Біздің фермерлер егін алқабының электрондық  картасы арқасында электрондық сандық қолхаттарды белсенді пайдаланады. Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы үйдегі компьютерінен шықпастан, астықты сату мүмкіндігін пайдаланып отыр. «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында аудандық Жол картасы әзірленді. Осы бағдарламаға сәйкес ауданда «Электронды малшы» жобасы енгізілді. Малдарға «Spot Trace» спутниктік GPS мониторингі орнатылып, оның жүрген жерін бақылап отыруға болады», - деді аудан әкімі Талғат Кәрбозов.

Бұған қосымша ауданда жайылымдағы жылқылардың орнын қашықтан бақылау үшін 6 GPS-трекер сатып алынды. Осылайша, кез келген уақытта телефон немесе компьютер арқылы Google карталарының көмегімен табынның қозғалуын көру мүмкіндігі бар, бұл жануарлардың толық қадағалануын және мал ұрлығын болдырмайды. Сонымен қатар «Оджахвердиев» шаруа қожалығы 44 бірлік техникаға GPS-жабдық пен бақылау датчиктерін сатып алды. Оның ішінде 38 «КамАЗ» автомокөлігі бар. Сондай-ақ, заманауи 6 трактор жұмыс істейді. Олар: 5 К-744 және 1 Buhlr Versatile тракторы.

«Бірнеше шаруа қожалықтар егістіктің жай-күйін анықтау, дақылдардың өсу сапасын және олардың аурулармен зақымдану ықтималдығын бағалау үшін DJI маркалы дрондарға тапсырыс берді. Дрондардың арқасында шаруашылық қажетті ақпаратты жинау және өңдеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шаруашылық табысының артуына және өнімділіктің жақсаруына әкеледі. Геологиялық ұстаным жүйесі, жерсеріктік суреттер мен алқаптарды агрохимиялық зерттеу карталарының көмегімен фермерлер тыңайтқыштарды енгізуге, егістіктерді өңдеуге, ауыл шаруашылығы дақылдарын себу нормаларын және егіс айналымы құрылымын мүлдем дәл және қатесіз анықтауға қол жетті. Нәтижесінде, шығындар азаяды, ал егістіктің қайтарымы еселеп өсіп келеді», - деді аудан басшысы.