Қостанай облысында газ өңдеу зауыты салынбақ
Бұл туралы «Global Gas Group» ЖШС директоры Олег Гончаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлармен кездесу өткізгенін хабарлаған болатынбыз . Жиында аталған кәсіпорын директоры Олег Гончаров Астана мен Қазақстанның солтүстік облыстарын газдандыру мәселелері туралы айтты.
«Біздің компания бірнеше жылдан бері газбен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. 2016 жылы «Газпромэкспорт» компаниясымен келісімшартқа отырдық. Бұл бізге жұмысты ілгерілетуге мүмкіндік берді. Жоспар бойынша 2021 жылдан бастап жылына 620 млн куб газ өңдейміз. Қостанай облысы әкімдігімен келісімге сай, қуаттылығы жылына 200 мың тонна болатын газ өңдеу зауытын саламыз»,-деді кәсіпорын басшысы.
Оның сөзінше, Астана қаласы мен солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз ету мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов хабарлағандай, қыркүйек айында өткен инвестициялық форумда Қостанай облысы мен «Global Gas Group» ЖШС арасында 20 млрд теңгені құрайтын инвестициялық келісімге қол қойылған.