Қостанай облысында ірі көлемде гербицид ұрлағандар ұсталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының полицейлері қоймадан химиялық заттарды ұрлаған бұзақыларды қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Ұзынкөл ауданының Варваров ауылында болған. Жергілікті серіктестік жетекшісі гербицид ұрланғанын айтып, полицияға жүгінген.
«Оқиға орнына жедел тергеу тобы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері ЖШС аумағында орналасқан қоймаларды тексерді. Аспалы құлыптарды бұзу арқылы өсімдіктерді жою үшін қолданылатын химиялық заттардың қолды болғанын анықтады. Шығын көлемі 15 миллион теңгеден асты», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Жедел іздестіру барысында тәртіп сақшылары Меңдіқара және Қостанай аудандарының екі тұрғынын ұстады. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-бабы, 4-тармағы (Аса ірі көлемдегі ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.