Қостанай облысында қандай дәрігерлердің жалақысы өседі
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында мыңнан астам дәрігердің еңбекақылары артады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Партиялық бағдарламаның басты міндеттердің бірі - денсаулық сақтау саласын дамыту мен дәрігерлердің әл-ауқатын арттыру. Айта кетейік, Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық пен алғашқы медицинақ көмекке бөлінетін қаражаттың жалпы денсаулық сақтау саласына қарастырылған ақшаның 40 пайызынан 60 пайызға дейін арттырылуы тиістігін айтты. Сонымен қатар аталған саланы дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінетіндігін атап өтті.
Саяси кеңес отырысында сөз алған Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник биыл шілде айынан бастап өңірде 1150 дәрігердің еңбекақысы 30%-ға өсетінін жеткізді.
«Негізінен, терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, неонатолог, онколог, фтизиатр, гематолог, психиатр мамандардың еңбекақысы еселенеді. Өңірде дәрігерлер жалақысын көтеруге 240 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, бұған дейін төмен жалақы алып келген 15 мыңдай медбике мен санитарлық қызметкердің айлық еңбекақысы 30%-ға өседі», - дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыс емханаларын қаржыландыру да екі есе артпақ. Бұған дейін емханаларға жыл сайын 12,7 млрд теңге бөлініп келсе, 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш 25 млрд теңгеге жетпек. Бұл емханалардағы медициналық көмек сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жағымды жаңалық - биылдан бастап тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржы 3 есе өседі.
Өңірдің денсаулық сақтау саласында дәрігер-мамандар тапшы.
«Қостанай облысында денсаулық сақтау саласы бойынша 600-ге жуық дәрігер жетпейді. Оның 360-ы - аса қажет мамандар санатына енеді. Дәрігер тапшылығын жою мақсатында биыл өңірге келуге ынталы дәрігер-мамандарға жалпы мөлшері 700 млн теңге көтермеақы мен жәрдемақы бөлінген. Мұның сыртында келген маманды баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі де қарастырылған», - дейді ол.
Бұған дейін Қостаеай облысында ауылдық елді мекендердегі халық тұрмысының сапасын көтеруге бағытталған «Ауыл 4.0» жобасы енгізілетінін хабарлаған едік.