Қостанай облысында қайырымдылық жүгін әкеле жатқан шетелдіктердің көлігі жол-көлік оқиғасына ұшырады
ҚОСТАНАЙ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы-Екатеринбор тас жолымен келе жатқан Ұлыбританияның үш тұрғыны мен бір австралиялық азаматша Алтынсарин ауданына қарасты Зуевка кентінің қасында жол-көлік апатына ұшырады.
Шетелдіктер Моңғолияға қайырымдылық жүгі - балалар ойыншықтарын алып бара жатқан еді.
Ағылшын нөмірлері бар «Пежо» джипін 49 жастағы ағылшын Якслей Чарльз Николас жүргізді. Шетелдік көлік жолдың қарсы жолағына шығып, Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Тойота Сюрф» көлігімен соқтығысты. Жол-көлік апатының барлық қатысушыларының қауіпсіздік белдіктері тағылған еді, шетелдіктер ауыр дене жарақаттарын алған жоқ. Қазақстандықтар - «Тойота» жүргізушісі мен оның 22 жасар жолаушысы Қостанай облыстық ауруханасына жеткізілді.
Шетелдіктердің көлігі жол-көлік оқиғасының салдарынан жарамсыз болып қалды, сондықтан олардың Моңғолияға сапары кейінге қалдырылды. Қостанайлық полицейлер ағылшын қонақтарын қамқорлықтарына алып, енді олармен тәулік бойы жүр. Тәртіп сақшылары оларға Қостанайда уақытша орналасуға көмектесті, ал Моңғолияның балаларына арналған ойыншықтар жергілікті Сәбилер үйіне жіберіледі.