Қостанай облысында киік санағы жүргізілді

Жойылып бара жатқан жануарларды аулауға тыйым салынғанымен, заң бұзушылар азаяр емес. Қызыл кітапқа енген бұл жануарды ату бойынша облысымызда биыл 1 дерек тіркелді. Киіктерді қорғау бағытындағы жұмыстар облыста күшейтіліп, арнайы іс-шаралар тізімі бекітілді. Бірақ заңсыз аң аулаушыларға әлі толық тыйым болмай тұр. Көбіне браконьерлер бөкендерді бағалы мүйізіне бола атады. Өйткені, емдік қасиеті бар.
«Осы уақытқа дейін киіктерді заңсыз аулау бойынша 9 факті тіркелді. Бір өкініштісі, қаскөйлердің арасында «Алтын дала» резерватының қызметкері де болды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, осыдан 5 жыл бұрын біздің облыста 240 мыңдай киік болса, былтырғы санақ бойынша оның саны 76 мыңға дейін азайды», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ғылымхан Молдағұлов.
Биыл ақбөкендер аман-есен төл өрбітсе, олардың саны артатынын айтады мамандар. Негізі, биыл орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасы мен полицейлер жүргізген тексерістің нәтижесінде заңсыз аң аулаған 87 адам әкімшілік жазаға тартылды.