Қостанай облысында көлігімен адам қағып өлтірген аудандық өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты аудандық өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы басшысы Данияр Құсайыновқа қатысты үкім шығарды.

Қостанай облысында көлігімен адам қағып өлтірген аудандық өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды

Іс материалдарына қарасақ, өткен жылы қазан айында Д.Құсайынов абайсызда гараждан көлігімен шегініп шығып келе жатып егде жастағы әйел адамды қағып кеткен. Жүргізуші үйінің жанынан өтіп бара жатқан әйел адам жарақат алып, аудандық ауруханада көз жұмған.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, прокурор мен іс жүргізуге қатысушылардың ықпалымен айыпты мойындау туралы нұсқада мәміле жасалған. Сот Д.Құсайыновты айыпты деп тауып, 2,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Оның 4 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығы шектелді.