Қостанай облысында көлік ғимаратқа соғылып, ер адам көз жұмды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда адам өлімімен аяқталған жол-көлік апатына қатысты тергеу шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Қостанай-Ұзынкөл тасжолының 125-шақырымында болған.
«Ұзынкөл ауданының Красная Пресня ауылына бұрылатын қиылыста «Daewoo Nexia» көлігін мінген 33 жастағы жүргізуші бос тұрған ғимаратқа соғылған. Оқиға салдарынан көлікте от тұтанды. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасы дерегіне қатысты ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы («Жол қозғалысы ережесін бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды.