Қостанай облысында коронавируспен күреске қанша қаражат бөлінді
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Қостанай облысында коронавируспен күреске 10,9 млрд теңге бөлінді. Қазір оның тең жартысынан астамы игерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Coronavirus2020.kz мәліметінше, Қостанай облысында коронавирус індетін жұқтырған алғашқы науқас 2020 жылдың 3 сәуірінде тіркелді. Осы уақыттан бастап өңірде пандемияға қарсы кешенді шаралар басталды.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасымен карантин режимі белгіленді. Аудан-қалаларда провизорлық емханалар ашылды. Қостанай қаласында 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Моисеевтың айтуынша, нысан заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Стационар коронавирус жұтырған науқастарды ғана қабылдайды.
«Жаңа аурухананың жоғары технологиялық заманауи құрылғылармен қамтылған арнайы зертханасы, диагностика орталығы, ота жасайтын бөлімі бар. Инфекциялық орталықтың басты ерекшелігі – мұнда дәрігерлер науқасқа арнайы қондырылған планшет арқылы қашықтан бақылау жүргізе алады. Стационардағы қалдықтарды жоюдың тиімді жолын қарастыру да ескерілген. Қалдықтарды ұнтақтап, зарарсыздандырып, қоршаған ортаға зиян келтірмеуін қамтамасыз ететін арнайы жүйе жұмыс істеп тұр. Әр палатада 2-3 төсек қойылған. Қолайлы, жарық әрі жылы. Науқастар дәретхана, арнайы тазартудан өткен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл індет жұқтырған науқасқа да, оны емдейтін дәрігерге де психологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызады», - дейді бас дәрігер.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, Қостанай қаласында көпбейінді аурухана салу туралы меморандумға қол қойды. Бұл мақсатта биыл жалпы ауданы 20 гектар жер учаскесі бөлінді. Нысанның қуаты – 400 төсек-орын. 6 қабатты ғимараттың жалпы ауданы 67 мың шаршы метр болады. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен жүзеге асырылады. Жаңа аурухананың стационары бірнеше бөлікке жіктелді.
Пандемиямен күресу үшін облыс емханаларына 110 санитарлық автокөлік тапсырылды. Көлік ішінде дефибрилятор аппараты, пациенттің тыныс-тіршілігін бақылауға арналған монитор, оттегі қоры жоғары ӨЖЖ аппараты, ЭКГ аппараты, аспиратор бар.
Өңірге сырт облыстардан дәрігер мамандарды тарту мәселесі Үкімет деңгейінде қаралды. Биыл Қостанайға 240 дәрігер келді. Аймаққа жас мамандарды көптеп тарту мақсатында оларға берілетін көтерме ақы көлемі де өскен. Бұған дейін 1,5 млн теңге көлеміндегі көтерме ақы тек ауылға баратын дәрігерлерге ғана беріліп келсе, биылдан бастап қалалардағы медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген мамандарға да 1 млн теңгеден қолдау көрсетілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмасын орындау үшін Архимед Мұхамбетов дәріхана желілері мен көтерме сату фирмаларының басшыларымен кездесті. ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс басшыларына толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Қостанай облысының дәріхана желілеріне жалпы сомасы 300 млн теңгеге қайтарымды қаржылық көмек көрсетілді. Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, бұл қаражат ыстықты түсіретін антибиотиктер, вирусқа қарсы дәрілер, антикоагулянттарды сатып алуға бағытталатын болады. Бұдан бөлек эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 60 монитор, өкпені жасанды желдетуге арналған 40 аппарат, 20 ларингоскоп, 20 дефибриллятор, 3 газ анализаторы, 5 бейнобронхоскоп, 170 контактісіз термометр, 11 мың қорғаныш комбинезоны, 3,5 мың қорғаныш көзілдірігі, 800 дана дезинфекциялық құрал, 10 мың дәке таңғыш сатып алынды. Жалпы облыс бойынша 210 өкпені жасанды желдету аппараты бар, оның ішінде орталық аудандық ауруханаларға 1-2 құрылғыдан берілді. Шілде айында өкпені жасанды желдетуге арналған қосымша 47 құрылғы, бірнеше компьютерлік томограф жеткізілді.
Қостанай облысында дәрі-дәрмектерді дұрыс бөлінуін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылады. Алик Шпекбаев Қостанайдағы «СҚ-Фармация» ЖШС операциялық қоймасына барды. Қойма облыстың емдеу мекемелері мен ұйымдарының Нұр-Сұлтан қаласындағы хабтан дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды жедел алу қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Түрлі ауруларды стационарлық және амбулаториялық емдеуді қамтамасыз ету аясында медициналық мекемелердің дәстүрлі өтінімдеріне де, коронавирустық инфекцияны емдеуге қажетті қаражатқа тапсырыстарға да қызмет көрсетіледі.
«Әкімдік дәрі-дәрмек, дәрігерлерді қорғау құралдары, оның ішінде гуманитарлық көмек аясындағы ашықтыққа назар аудара отырып, қоғамдық ұйымдарды белсенді түрде тартуда. Пандемия әрбір қазақстандыққа әсер етті. Сондықтан «бармақ басты, көз қысты» жұмыс болмауы тиіс. Әрбір дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналмай, тұтынушысына жетуі өте маңызды», - деп баса айтты Алик Шпекбаев.

Пандемиямен күресте қостанайлық дәрігерлерге Ресей мамандары көмекке келді. Свердловск және Челябі облыстарының медицина мамандары қостанайлық дәрігерлер видеолекциялар көрсетіп, дәріс берді.
Жалпы облыстың денсаулық сақтау саласында 15 мың медициналық қызметкер еңбек етеді. Оның 1800-і дәрігер мамандар болса, 6 мыңнан астамы – орта медицина қызметкерлері. Мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Қостанай облысының 15 медицина қызметкері ордендермен, медальдармен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетованың айтуынша, 2020 жылы коронавирустық инфекцияның алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге 10,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінде оның 5,5 млрд теңгесі игерілді. Облыстың медициналық ұйымдарын қаржыландыру үшін 2021 жылы 62,9 млрд теңге бағытталмақ.
Коронавирус пандемиясы басталғалы жергілікті кәсіпорындар медицина ұйымдарына көмектесіп келеді. Әр аудандаға кәсіпкерлер тарапынан инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, індетпен күресте киетін костюмдер және басқа да қажетті заттар жеткізілді. Індетпен күресте ірі кәсіпорындар да шет қалған жоқ. Мәселен, «Варваринское» АҚ бірнеше мәрте қайырымдылық акцияларына қосылып, қаражат бөле бастады. Бірінші кезеңде медицина қызметкерлері үшін қорғаныс құралдарын алуға көмек көрсетілді. Екінші кезеңде Б.Майлин ауданының ауруханасына арнайы компьютерлер мен электрокардиографтар жеткізді. Қайырымдылық осы жылдың көмек тамыз айында да жалғасты. Ауруханаға көпфункционалды кереуеттер, электрокардиографтар, зертханалық жабдықтар, дефибрилляторлар әкелінді. Жалпы, аталмыш кәсіпорын пандемиямен күреске 80 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына волонтерлер де белсене араласты. Олар үйде қалуға мәжбүр болған қарт адамдарға дәрі-дәрмек және жеке гигиена құралдарын жеткізуге көмек көрсетіп келеді. Қазірдің өзінде 300-дей волонтер жастар саясаты басқармасымен бірлесе жұмыс істеуде.
