Қостанай облысында коронавирустың алдын алу жөніндегі штаб құрылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Қостанай облысында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында селекторлық жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкімдікте өткен жиынға облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қатысты. Аудан-қалалардың әкімдері бейнеконференц байланыс арқылы қосылды.
Аймақ басшысының тапсырмасымен коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін арнайы штаб құрылды.
«Облыста коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөнінде жұмыстар қолға алынады. Бұған баса мән беріледі. Қостанай әуежайының базасында коронавирустық инфекциямен шартты науқасты енгізу арқылы жаттығулар өткізілді. Медициналық ұйымдарда инфекцияға күдікті науқастарды қабылдау үшін арнайы сүзгі құрылғылары ұйымдастырылады. Қостанай қаласының әуежайына келетін халықаралық авиарейстердің жолаушылары байланыссыз термометрия мен сауалнамадан өтеді»,- деді Архимед Мұхамбетов.
Қостанай облысына ҚР Үкіметінің резервінен коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін қаражат бөлінді.
Облыс әкімі аудан-қаланың, департмаенттердің басшыларына инфекцияның алдын алу бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, оның пайда болу тәуекелдеріне жедел әрекет етуді тапсырды.