04:45, 26 Тамыз 2020 | GMT +5
Қостанай облысында құмар ойындарда қолданылған заттар өртелді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруда қолданылған заттай айғақтар жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері облыс аумағында құмар ойындарын ұйымдастырған үш адамның ұсталғанын хабарланды.
«Қостанай қаласы №2 сотының үкімімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар ҚР ҚК 307-бөлігі, 2-бөлігі, 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін айыпталды. Олардың әрбіріне 2000 АЕК (5 050 000 теңге) көлемінде айыппұл өтеу жазасы тағайындалды. Сот үкімнің негізінде заттай айғақтар – покерге арналған үстел, алғашқы жазбалар, фишка салғышы, ойын карталары, жазбалары бар дәптерлер, жарнамалық буклеттер, ойын фишкалары, кейстер, пластик карталар, ойын тастары, дилер фишкалары, цифрлық белгілері бар карталар өртелді», делінген комитет ақпаратында.