Қостанай облысында қылмыс деңгейі үш есе төмендеді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында қылмыс саны азайды. Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаменті бастығы, генерал-майор Бекет Аймағамбетов онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл қылмыстың негізгі түрлері бойынша тұрақты төмендеу байқалады. Олардың қатарында кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық, тонау, ұрлық, алаяқтық, бұзақылық және көлікті айдап әкету сиқты қылмыс бар. Өңір үшін өзекті мәселе — мал ұрлығы. Көптеген отбасы үшін мал негізгі табыс көзі. Биыл мал ұрлығының саны 30% - ға азайды. 189 ұрлықтың 124-і еркін жайылымда жасалған, ал 150-ге жуық жағдайда қараусыз қалған мал қайтадан еркін жайылымнан табылмаған. Сондықтан мен тұрғындарға төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырамын. Өйткені 15 қазаннан бастап облыс мәслихатының шешімімен ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелері белгілеген. Мал иесін де әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралатын болады»,-деп атап өтті Бекет Аймағамбетов.
Қостанай облысында бұрын сотталған адамдар жасаған қылмыстардың саны да айтарлықтай азайған. Жасөспірімдер қылмысы мен қоғамдық орындарда, көшелерде жасалған қылмыстар саны 40% - ға кеміген.
«Мұның барлығы жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына тікелей байланысты. Бірнеше жылдан бері облыста тұрғын үй аулаларында жаяу патруль тәжірибесі жалғасуда. Биыл қылмыстың көптеген түрлері, соның ішінде мүліктік сипаттағы ұрлық бойынша қылмысты ашу жақсарды. Аса ауыр қылмыс түрлерінің ашылуы артты. Аса ауыр қылмыстар қатарынан біз қарақшылық, тонау, бұзақылық, жас балаларды азғындыққа итермелеу, көлікті айдап кету қылмыстарын 100% - ға аштық. Кісі өлтірудің 92% - ы, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің барлық дерегі (98%) анықталды. Биыл заңсыз айналымнан 473 келіден астам есірткі заты тәркіленді», - дейді полиция генералы.
Барлық қылмыстық істердің жартысынан астамы электрондық форматта тергеледі, ал әрбір үшінші қылмыстық іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу тәртібімен жіберілді. Бұл үшін облыстың тергеу және анықтау бөлімшелері қажетті техникамен қамтамасыз етілген.