Қостанай облысында қырылған киіктерден пастереллез қоздырғышы табылды - АШМ
АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Қостанай облысының орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық инспекциясымен киіктердің жаппай қырылу себебін анықтау бойынша комиссияның алғаш отырысы өтті.
Оның барысында мәлім болғандай, Қостанай облысындағы «Республикалық ветеринарлық зертхана» мекемесінің алдын ала қорытындысы бойынша киіктердің қырылу ошағынан пастереллез қоздырғышы анықталған. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
Еске сала кетейік, киіктердің қырылуына орай бұған дейін бірқатар фактілер анықталған еді. Соған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Жангелді ауданының әкімдігімен бірлесе қырылған киіктерді көму бойынша жұмыстар жүргізуде. «Мәселен, алғаш рет 19 мамырда тіркелген киіктердің жаппай қырылу ошағында жануарлардың 623 ұшасы табылып, оның 603 көмілді. Қалған 20 ұшасы жақын арада көміледі. Екінші рет 24 мамырда тіркелген киіктердің жаппай қырылу ошағында жануарлардың 290 ұшасы табылды, оның 136 ұшасы көмілді. Киік өлекселерін көму шаралары жалғасуда», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бұдан бөлек, бүгінгі күні киіктердің таралу аймағына МИ-2 тікұшағын қолдану арқылы мониторинг жүргізілуде. Жүргізілген мониторингтік зерттеу нәтижелері бойынша Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Қарағанды облыстарында киіктердің жаппай қырылу фактілері тіркелмеген.