Қостанай облысында найзағай түсіп, 5 орман алқабы өртенді
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында 5 бірдей орман алқабына найзағай түсіп, өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
21 шілде күні Әулиекөл, Қарабалық, Науырзым және Жітіқара аудандарында жерге түскен найзағай сынығынан орман алқаптары өртенді. Барлық өрт уақытында сөндірілді. Тілсіз жау жалпы ауданы 56,47 га орман алқабын шарпып үлгерген, алайда елді мекендерге қауіп төндірмеді.
«Өрт болған алқаптарға облыстық төтенше жағдай департаментінің өрт сөндірушілері мен орман шаруашылығының қызметкерлері шықты. Жеке құрамның 8 қызметкері мен 2 техникасы, орман шаруашылықтары тарапынан 26 техника мен 64 жұмысшы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жедел қимылының арқасында орманды шарпыған өрт дер уақытында сөндірілді», - делінген ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратында.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ормандарда рейдке шығып, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Дегенмен, аптап ыстықта орманға барып демалушылардың азаймай тұрғанын айтады мамандар.