Қостанай облысында өнеркәсіп саласындағы жобалар пулы құрылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысында өнеркәсіп саласындағы жобалар пулы құрылды. Бұл туралы осы өңірдің әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында өнеркәсіп саласындағы жобалар пулы құрылды

«Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1 870,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Индустрияландыру жылдарында инвестициялық жобаларды жүзеге асырған кәсіпорындар айтарлықтай өсімді қамтамасыз етті. Мәселен, машина жасау (17,7%-ға), металлургия (20,2%-ға), металл емес өнім (35,6%-ға) және тамақ өнімдері (1,3%-ға) өндірісінің ұлғаюы есебінен өңдеуші өнеркәсіп 13,5% -ға өсімді көрсетуде», - деді А. Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, өсу резервтері ретінде таяу жылдарға арналған 2 трлн теңге болатын 80 жобадан тұратын тізім қалыптасты. Пул жобаларын жүзеге асыру өңірдің өңдеу өнеркәсібі көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал ететін болады.