Қостанай облысында өрттің салдарынан келген шығын 69 млн теңгені құрады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орынбаев жылыту маусымына дайындық кезеңінде атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жылдың 9 айы ішінде облыста 824 өрт оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 17 адам көз жұмды. Өрт оқиғалары 69,1 млн теңгеден астам материалдық залал келтірді. Өрт фактілерінің 65 пайызы тұрғын үй секторында болып, тілсіз жауды ауыздықтау кезінде 37 адам құтқарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттің және өлім-жітім статистикасының көрсеткіші өзгермеген, бірақ материалдық шығын көлемі 6% -ға артқан.
«Тілсіз жаудың туындауына көбіне от жағу кезіндегі салғырттық, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және мас күйінде шылым шегу басты себеп болады. Сондай-ақ, жеке сектордағы үйлердегі пештерді дұрыс пайдаланбаудың салдары да өрт оқиғаларының болуына және улануға әкеп жатады. Пештерді кәсіби мамандардың көмегінсіз орнатудың соңы да қайғылы жағдайларға соқтырады», - дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орынбаев.
Азамат Орынбаев ТЖД қыс маусымына дайын екендігін жеткізді. Жол-көлік құралдары сақадай-сай, жабдықтардың саны жеткілікті.
Иллюстрациялық сурет