Қостанай облысында тағы бір провизорлық орталық жабылды
Ақпаратты облыс әкімдігінің жанынан құрылған жедел штаб таратты. Бүгін аталмыш емдеу мекемесінен соңғы 15 науқас айығып шығып, 5 науқас қалалық ауруханаға ауыстырылған. Ал 3 науқас туберкулез диспансеріне жатқызылды.
«Провизорлық стационарда 24-шілде мен 12-тамыз аралығында 116 науқас емделіп шықты. Темір жол ауруханасына таяу күндері тиісті санитарлық тазалау шаралары жүргізілмек. Клиника келесі аптадан бастап науқастарды қалыпты тәртіпте қабылдай бастайды», - делінген штаб ақпаратында.
Жалпы Қостанай облысында осы күнге дейін 370 провизорлық төсек-орын жиналды. Олар қажет кезде пайдалану үшін емхана базаларында сақталады.
Айта кетейік, эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты Тобыл қаласындағы провизорлық орталық жабылды. Стационардан бүгін соңғы сырқат емделіп шықты.