Қостанай облысында тіркелмеген 270 қоқыс полигоны бар

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар орналасқан жер телімдерінің жалға алу мерзімі аяқталды. Бұл туралы облыстық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Виктор Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, облыста шешімін таппаған экологиялық мәселелер аз емес. Биыл осындай экологиялық түйткілді мәселенің он екісі өз шешімін тауыпты. Ендігі қалғаны - бесеу. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кезекті аппарат жиналысында қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті.

 «Қостанайда әлі күнге дейін ағын суларды биологиялық тазартудан өткізетін бірде-бір станса жоқ. Ескі нысан 1966 жылы пайдалануға берілген. Оны жаңартатын уақыт жетті. Ол тек қана механикалық қоспаларды тазартуға қауқарлы. Оның өзі 20 %-дан аспайды. Ал, жаңа нысан салу үшін қомақты қаржы керек. Сол себепті, «Қостанай-Су» мекемесі су тазартудың баламалы тәсілдері енгізу мәселерін қарастырып жатыр», - дейді облыстық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің  басшысы Виктор Мұхамеджанов

Оның сөзінше, судың ластануына Тобыл өзені жағасында орналасқан бұрынғы жез-аммиак өндірісі зауытының әсері болған. Оның су сапасына қаншалықты әсер еткендігі зерттелді. Жақын арада нәтижесі анықталады.

Аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын жоқ. Қалдықтар қала сыртындағы полигондарға жөнелтіледі. Облыста мұндай полигондардың саны - 300. Соның 270-і тіркелмеген. Мұнымен жергілікті атқарушы билік айналысуы тиіс.

«Денисов, Қарабалық, Жітіқара, Аманкелді, Жанкелдин, Әулиекөл аудандарында қалдық шығаратын орын аз. Ал, жер телімдерінің жалға алу мерзімі әлдеқашан біткен. Ондай жағдайда ол жер қалпына келтірілуі тиіс. Мәселен, Қостанайдағы «Южный» шағын ауданында бұрынғы полигон тазартылды», - деді Мұхамеджанов.      

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәселені бір жақты ету үшін аудан, қала басшыларына екі ай уақыт берді.

«Барлық экологиялық мәселелер тиісті мерзімде өз шешімін табуы қажет. Егер мәселені тез арада ретке келтірмесеңіздер, онда салалық министрлікке жүгінуге тура келеді», - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Қостанай облысы өнеркәсіп қалдықтарының көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Ал атмосфераға қалдықтың жайылуы жөнінен он екінші орында.

Соңғы жаңалықтар