Қостанай облысында төрт баланы түні бойы іздеді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Б.Майлин атындағы ауданның Асенкритовка ауылында төрт қыз адасып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат alau.kz сайтына сілтеме жасап.
«Дос» іздестіру-құтқару жасағы (ІҚЖ) еріктілерінің айтуынша, 2011, 2013, 2008 және 2013 жылдары туған төрт қыз бала 9 қазан күні сағат 16:00 шамасында Б.Майлин атындағы ауданның Асенкритовка ауылында жоғалып кеткен. Олардың ата-аналары балалардың үйден ойнауға шығып кетіп, оралмағанын айтты.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, еріктілер, білім беру саласының, әкімдік қызметкерлері мен басқа да адамдар қатысқан.
«Асенкритовка мен көрші ауылдардың барлық қараусыз қалған ғимараттары тексерілді»,- деп хабарлады «Дос» ІҚЖ үйлестірушісі.
Балалар жарты тәулік өткеннен кейін аман-есен табылды.
«Олар таңертең сағат 8:00 шамасында көршілес Николаевка ауылының маңынан табылды. Ата-аналарымен профилактикалық әңгіме өткізілді»,- деп атап өтті Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі.
Ауданның полиция бөлімі балаларды іздеу жұмыстарына қатысқандарға алғыс білдірді.