11:45, 18 Шілде 2022 | GMT +5
Қостанай облысында үйінде есірткіге ұқсас ұнтақ сақтаған күдікті ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Сарыкөл ауданында үйінде есірткіге ұқсас ұнтақ сақтаған күдікті ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның онлайн брифингісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қостанай облысы қызметкерлеріне Сарыкөл кентінде тұратын 44 жастағы ер адамның Сарыкөл ауданының аумағында «соль скорость» деп аталатын есірткі сақтап, сататыны туралы мәлімет келіп түскен болатын.
Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында 3 дорба ақ түсті ұнтақ, жұмсақ сорғы, сұйықтық жаққыш құралдар, ұнтақ оралған 39 қағаз түйіншек, ақтүсті зат салынған 75 дорбаша, zip-пакеттер, 7 әр түрлі түстегі изолента, 5 банк картасы, 4 ұялы телефон мен 1,5 млн теңге ақша тәркіленді», - деді ведомство өкілі.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторында.
Аталған брифингіде бір аптаның ішінде республика бойынша 3184 қылмыс тіркелгені мәлім етілді.