Қостанай облысында заң бұзған 422 нысан мен бір кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі 19 мыңнан астам өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысында заң бұзған 422 нысан мен бір кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі қауіпті өндірістік нысандарға тұрақты түрде бақылау жүргізеді. Осыған қарай 2018 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті мен комитеттің аумақтық департаменттері бекітілген кестеге сәйкес 608 тексеру жүргізді. Оның барысында 7 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан тексерілген.

Кестеге сәйкес аталған тексерулермен қатар, 445 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның 354-і бұрын берілген бұйрықтардың орындалуын бақылау, 39-ы мемлекеттік органдардың (прокуратураны қоса алғанда), 10-ы жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша және 42 басқадай жағдайлар бойынша тексерілді. 4999 нысан жоспардан тыс тексеруден өткен.

«Тексеру қорытындылары бойынша, 19130 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Қостанай облысы сотының шешімі бойынша өрескел заң бұзушылықтарға жол берген 422 нысан мен бір кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша барлығы 967 әкімшілік айыппұл салынған екен. Оның 584-і заңды тұлғаларға, 383-і жеке тұлғаларға салынған»,-делінген хабарламада.