Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысындағы ірі өрттің салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры облыс әкімдігімен бірлесіп, қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Тараптар осыған дейін зардап шеккен тұрғындардың үйлерін жарақтандыруға, сондай-ақ балалардың спорттық-сауықтыру лагерін қалпына келтіру шараларына қатысатыны туралы мәлімдеген болатын.

22 қазанда Қостанай облысының әкімдігі 3 қыркүйекте болған өртте үйлері толығымен өртенген Әулиекөл ауылының тұрғындарына 91 үйдің кілтін табыс етті. Осыған байланысты, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі Қостанай облысының тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Үйлерді жайластыру (жабдықтандыру) үшін қор жергілікті атқарушы орган тарапынан баспана алған әрбір отбасына 2 млн теңге бөледі. Осы мақсаттарға қордың қаражаты, сондай-ақ арнайы шотына жіберілген Е.Еділовтың атынан «Yedilov Online» telegram-каналына жазылушылардан жиналған қаражат (25 822 791 теңге) бағытталады.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында «Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы шот ашты. Бүгінгі таңда қордың арнайы шотында 251 831 184 теңге бар.

«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі Әулиекөл ауданында өртенген «Достық» балалар спорттық-сауықтыру лагерінің орнына 150 орындық жаңа балалар спорттық-сауықтыру лагерін салу үшін қаржы бөлмек. Жобалау-сметалық құжаттама бекітіліп, құрылыс құны анықталғаннан кейін қор жаңа балалар спорттық-сауықтыру лагерінің құрылысын қаржыландырады. Нысанды салу үшін қордың қаражаты және арнайы шотына «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС, «Шәкәрім атындағы университет» КЕАҚ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры КҚ, «AQMOL-project» ЖШС түскен қаражатты жұмсау жоспарлануда.