Қостанай облысында жануарларды қорғайтын 23 мобильді топ құрылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында полицейлері «Ақбөкен» жедел алдын алу шарасы аясында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 50 дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жылдың желтоқсан айында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жануарларды қорғау инспекторларымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар өткізді. Өңірде жануарларды қорғайтын 23 мобильді топ құрылды. Арнайы топтар табиғатты қорғау ұйымдарымен күн сайын рейдке шығады.
Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясының бастығы Талғат Ахметовтың айтуынша, бір айда 376 рейд өткізілген. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 50 дерегі анықталды. Оның ішінде 40 адам заңсыз аң аулаған, ал 10 балықшының рұқсат қағазы болмаған. Браконьерлерге айыппұл салынып, жауапқа тартылды.
